Дәрігерлерге алғыс

Адам өмірінің жанашыры, ақ халатты абзал жандар-дәрігерлер қауымының жасап отырған еңбегіне айтар сөзіміз бар.
“Кімде-кім басқалардың бақытын ойлап өз ғұмырын сарп етсе, оның жаны сұлулана түсіп, жұлдызы жанады” деген В. А. Сухомлинский. Біз тілге тиек етіп отырған дәрігерлер қауымы жаны таза, өз еңбегінде жұлдызы жанған тұлғалар деп есептейміз. Дәлірек айтсақ: Қалалық көпбейінді ауруханасы 3-ші жансақтау бөлімшесінің реаниматолог-анестезиолог, эфферентолог дәрігері Тұңғышбаев Асқар Узбекбайұлына, неврология бөлімшесінің меңгерушісі Алыпбаев Ернар Мақатайұлына және жансақтау бөлімінің ұжымына айтар алғысымыз шексіз.

Жақынымыз қатты науқастанып, осы аталған аурухананың “неврология” бөліміне түсті. Жағдайы өте ауыр болды. Үміттен гөрі күдік басым болып, қатты уайымға баттық. Алайда, дәрігерлердің табанды еңбегінің арқасында, қабілеттілік пен біліктіліктерінің нәтижесінде жақынымыз сауығып, өз отбасына оралды. Қуанышымызда шек болмады. Осы қуанышты сыйлаған, күн-түн демей қажырлы еңбек еткен, ақ жүрек, адал жанды дәрігерлер қауымы еді. “Елге сіңірген еңбек жақсы, еңбекті елеген ел жақсы” демекші, өз ісінің адал қызметкерлеріне алғыс айтуды жөн деп шештік. Адам игілігі үшін жасап жатқан істеріңіз жандана берсін. Отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Сіздердей жандардың қызметіне мақтанышпен қараймыз.
Ізгі тілекпен: Сметова Ақтолқынның жақындары