Жамбыл облысында инсультті емдеу мен алдын алу мәселелері талқыланды
Жамбыл облыстық қалалық көпбейінді ауруханасы және консультативтік-диагностикалық орталығының базасында «Инсультті емдеудегі және алдын алудағы тамырлық нейрохирургия» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға Алматы облысының штаттан тыс бас тамырлық нейрохирургы Рауан Қастей, аурухананың нейрохирургы Асылбек Сенгербеков, сондай-ақ Жамбыл облысының барлық аудандарынан келген неврологтар мен рентгенологтар қатысты.
Конференцияның негізгі мақсаты – инсульттің алдын алу мен емдеудің заманауи тәсілдерін талқылау, тәжірибе алмасу және өңірлік дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру.
Рауан Қастей атап өткендей, шеберлік сыныбының басты міндеті – тек операциялық әдістерді көрсету ғана емес, сонымен қатар инсульттің тиімді профилактикасы мен тамырлық патологияларды ерте диагностикалау бойынша тәжірибе бөлісу.
Бағдарламаның маңызды бөлігі Р. Қастейдің жетекшілігімен өткен шеберлік сабағы болды. Оқу барысында бес көрсетілімдік операция орындалды, олардың екеуіне нейроинтервенциялық хирург, рентген-эндоваскулярлық араласу дәрігері Еркебұлан Меркібеков ассистенция жасады.
Операциялар барысында күрделі клиникалық жағдайлар қарастырылып, қазіргі заманғы тамырлық нейрохирургия мен рентген-эндоваскулярлық технологиялардың мүмкіндіктері көрсетілді.
Мысалы, инсульттің қайталануын болдырмау мақсатында омыртқа артериясына стент қою, миға қан құйылу кезінде қан кету көзін визуализациялау, артериовеноздық мальформация кезінде эмболизация жүргізу және ұйқы артериясының окклюзиясы кезінде экстра-интракраниалдық микроанастомоз жасау сияқты жоғары технологиялық операциялар орындалды.
Өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференция Жамбыл облысында нейрохирургиялық көмектің сапасын арттыруға, өңірлік мамандардың кәсіби шеберлігін жетілдіруге және тамырлық патологияларды ерте анықтау мен емдеудің жаңа мүмкіндіктерін енгізуге бағытталған маңызды іс-шара болды.
Қатысушылар конференцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, мазмұнының өзектілігін және тәжірибелік бағыттылығын ерекше атап өтті.
