Аурухананың күйік емдеу бөлімінде пациенттерге қиын ота жүргізілді
Қалалық көпбейінді ауруханасының күйік бөлімінде Нұр-Сұлтан қалалық көпбейінді ауруханасының микрохирургі, травматолог-ортопеді Дмирий Ким шеберлік сыныбын өткізіп оның аясында 2 адамға бұрын соңды жасалмаған өте күрделі ота түрлерін өткізіп, жергілікті хирургтерге тәжірибесімен бөлісті.
Бірінші науқас өткен жылдың 31 желтоқсаны күні Шу қаласының тұрғыны Бақжан есімді бала ойнап жүріп жақын маңдағы трансформатордағы тоққа түсіп екі қолы күйіп, есінен танып қалған. Шұғыл түрде қалалық көпбейінді ауруханасына ауыр халде жеткізілген еді. Салдарынан сол қолының үш саусағы жансызданып, оны кесуге тура келді. Сондай-ақ, алақан, білек сүйектері қатты зақымданған. Кәсіби біліктілігі мен тәжірибесі мол дәрігерлер баланың қолдарына теріні алмастырып салуға байланысты 5 рет пластикалық ота жасады.
Бөлімше меңгерушісі Әбілсейіт Сыдықовтың айтуынша, бұрын-соңды орындалмаған күрделі ем-шараны жасату үшін жан-жақтағы дәрігерлерден көмек сұраған. Нәтижесінде Нұр-Сұлтандық дәрігер Ким Станиславұлы ауыр жағдайдағы науқастардың ауру тарихын зерделеп, келісімін берген. Екі күндік шеберлік сыныбы шеңберінде өткізілетін хирургиялық араласулардың ерекшелігі – қолдың зақымданған бөлігіне бір мезетте аяқтан сүйек тінін, нервті және сіңірді трансплантация жасауы.
Бірінші күні 13 жасар жеткіншекке жасалған күрделі ота 7 сағат 30 минутқа созылды. Операциядан кейін бала есін жинады, жағдайы бірқалыпты, өмірлік көрсеткіштері жақсы. Алдағы уақытта кешенді оңалту шараларынан өтуі қажет. Ол жақын күндері үйіне шығатын болады.
– Біз ұлымыздың өмірін сақтап қалған барлық ақ халатты абзал жандарға шын жүректен алғысымызды айтамыз. Әсіресе, балам үшін бәйек болып жүрген, атасындай болып кеткен Әбілсейіт Ақылбекұлына. Отбасымыз қуаныш құшағында. Дәрігерлердің жанқиярлық ерлік еңбегі, шипалы қолдары мен мейірім-шапағатына дән ризамыз. Олар барша балалардың жарқын болашағын қамтамасыз етушілер ретінде қандай құрметке де лайықты, – дейді бақытты ана Гүлнұр Ысламқұлова.
Екінші күрделі ота Тараз қаласының тұрғыны 1993 жылы туған науқасқа жасалды. Ер адам электромонтер болып жұмыс істейтін. Осыдан 1 жыл бұрын ол электр бағанасына мініп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде тоқ ұрып, электр бағанына ілініп қалған. Салдарынан екі қолының саусақтары жартылай кесіліп жансызданып қалған. Бұл операцияда науқастың аяғынан нервтер мен сіңірлер алынып, зақымдалған саусақтарға трансплантацияланды. Хирургиялық араласудың ұзақтағы 6 сағат болды. Сәтті жасалған отадан кейін науқас өз-өзіне келіп, жалпы палатаға ауыстырылды.
Заманауи емдеу тәсілдері міндетті медициналық сақтандыру қоры және тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында жасалды. Бұл өз кезегінде жарымжан адамдардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік берері сөзсіз.